ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ — ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МЕКТЕБІ ШҰБАРСУ АУЫЛЫНДА - Kemel kz
#Білім

ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ — ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МЕКТЕБІ ШҰБАРСУ АУЫЛЫНДА

ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНЕ ҚАРАСТЫ ШҰБАРСУ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ОРНАЛАСҚАН «М.ИСЛАМҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ» 2023 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ «ҮЗДІК МЕКТЕБІ» АТАНДЫ.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шұбарсу елді мекенінде орналасқан «Мұхаметқұл Исламқұлов» атындағы жалпы білім беретін мектебі Түркістан облысы бойынша жылдың үздік мектебі деп танылды. Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты аталмыш оқу ордасы 2010 жылы пайдалануға берілсе бүгінде аталмыш мектеп оқушы саны мол өңіріміздегі ірі білім ұяларының бірі болып табылады. Яғни 4 мыңға жуық ауыл баласына сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беріп отырған өнегелі ұжымда 325 мұғалім еңбек етуде. Ең бастысы білім бәсекелерінде мерейі үстем бұл мектеп соңғы 5 жыл бойы қатарынан оқушыларының пән олимпиадаларындағы жетістіктері бойынша аудан көлемінде көш басынан көрініп келеді. Міне осындай жоғары нәтижелерге ие мектепке басшылық жасап келе жатқан білікті маман Бахтыгүл Әшімқызы білім ордасындағы айтуылы жетістіктер мен алдағы жоспарларға жан-жақты  тоқталды.

 «Мұхаметқұл Исламқұлов» атындағы жалпы білім беретін мектебін биыл 243 оқушы бітіріп шыққалы отырса олардың арасында 33 үздік аттестат және 5 алтын белгі үміткерлері бар. Осы тұрғыда жоғары көрсеткіштерге ие білім мекемесінде мұғалімдердің біліктіліктері мен тәжірибелерін шыңдау мақсатында түрлі-іс шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Айталық бұл жолы аудандық тәжірибелік семинар да нақ осы оқу ордасының базында ұйымдастырылды. Семинар «Оқушылардың белсенділігін арттыру құралы ретінде география, биология, химия сабақтарында оқу ақпаратын визуализациялау» тақырыбына арналған. Мұндағы мақсат тақырыпқа сай оқушылардың білімін тереңдету, есте сақтау қабілеттерін шыңдау болып табылады. Сонымен бірге мұғалімнің өз ойын білім алушыларға нақты дәлелдеу, сабақты зерттеу үдерісін жүргізу арқылы өзара тәжірибе алмасуға бағытталған. Сондықтан мектеп базасында ұйымдастырылған семинарға аудан көлеміндегі барлық мектептерден келген пән мұғалімдері қатысты.

 Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы екендігін ескерсек білімі терең ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетіндігі анық. Ал ең бастысы мұндағы шәкірттердің өнер және білім бәсекелеріндегі жетістіктері өте мол. Айталық биыл  9-10-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық  пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бұл мектептен 24 оқушы қатысса соның 15 жүлделі орындарды иеленген.

  «Мұхаметқұл Исламқұлов»  атындағы мектептің спортшы жастары да Қазақстан чемпионаттарында топ жарып байрақты бәсекелерде білім ұясының абыройын асқақтатып жүр. Осылай деген мектеп директорының айтуынша ұстаздар мен оқушылар және ата-ана арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар білім сапасына өзінің оң әсерін тигізеді. Айталық оқу ағарту министрлігінің шешімімен бекітіліп жолданған тәрбие бағытындағы арнайы жұмыстарға сәйкес мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылып жүйелі жұмыс жасауда.