Жолдардың құрылысы, күтімі және жөнделуі: Сенатта Үкімет сағаты өтті - Kemel kz
#Жалпы #Саясат

Жолдардың құрылысы, күтімі және жөнделуі: Сенатта Үкімет сағаты өтті

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасындағы автомобиль жолдарын салу және пайдалану: ағымдағы жай-күйі, өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Шараның мақсаты – жол саласындағы жүйелі мәселелерді анықтап, елдегі көлік инфрақұрылымының жағдайын талқылау және оны дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу.

Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина өз сөзінде автомобиль жолдарының жағдайы ел экономикасының дамуына ғана емес, азаматтардың өмір сапасына да тікелей әсер ететінін айтып, бұл мәселенің бүкіл ел үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Автомобиль жолдарының желісі – бұл көлік инфрақұрылымының бір бөлігі болумен қатар, еліміздің экономикалық байланысын қамтамасыз ететін, азаматтардың мобильділігін арттыратын және өңірлердің орнықты дамуын қолдайтын негізгі тетік. Бұл желі ұлттық басым жобаларды жүзеге асыруда және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы жолдарды заманауи технологияны қолдана отырып сапалы жөндеуге көшу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Біз бұл салада қордаланған мәселелерді шешуге жүйелі түрде қарауымыз керек. Бұл – сапаны бақылау, процестерді цифрландыру және ресурстарды өңірлер арасында әділ бөлу», – деді Ольга Перепечина.

Сенатор Әлібек Нәутиев Үкімет сағаты барысында саладағы жүйелі проблемаларға тоқталды. Атап айтқанда, өңірлердегі жол сапасының біркелкі еместігі, білікті мамандар тапшылығы, техникалық қадағалау жұмыстарының әлсіздігі, жұмыстардың уақытылы орындалмауы, битум жетіспеушілігі және жолдардың шамадан тыс жүктемеден бұзылуы мәселелерін көтерді.

«Мәселе тек жол салу мен оны қайта-қайта жөндеуде емес, ең бастысы – жолдарды дұрыс пайдалану мен күтіп-ұстауда. Қаржының негізгі бөлігі құрылыс пен қайта жаңғыртуға бағытталады, ал жолдарды күтіп-ұстауға жеткілікті қаржы бөлінбейді. Бұл жолдардың мезгілінен бұрын бұзылуына алып келеді. Біз, Сенат депутаттары ретінде, өңірлердің мүддесін білдіре отырып, бұл проблемаларды шешуге белсенді атсалысып, ресурстардың әділ бөлінуіне қол жеткізуіміз қажет», – деді сенатор.

Көлік министрі Марат Қарабаев өз кезегінде еліміздегі автожолдардың қазіргі жағдайына қатысты деректерді ұсынды. Оның айтуынша, 2025 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары шамамен 13 мың шақырым жолды қамтиды, оның 8,8 мың шақырымы республикалық маңыздағы жолдарға тиесілі.

Шара барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетов те баяндама жасап, инфрақұрылым сапасын арттырудағы бизнес пен кәсіби қауымдастықтың рөліне тоқталды.

Қатысушылар шара аясында автожол саласындағы өткір әрі жүйелі мәселелерді талқылап, пікір және ұсыныс алмасты. Талқылау нәтижесінде әзірленген ұсыныстар Үкімет пен тиісті уәкілетті органдарға жолданып, әрі қарай пысықталып, шешімдер қабылданатын болады.