Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны Ордабасы ауданында тұрақты жүргізіліп келеді. Осы шара аясында ауданда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының алғашқы маусымы басталды. Іс-шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қашқынбай Лесбек сөз сөйлеп «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының алғашқы маусымының ашылуымен құттықтады. Олар еңбекқор жастарды ауданның гүлденуіне, көркейуіне, тазалығына үлес қосуға шақырды.
Бүгінгі таңда жастар — халықтың үлкен әлеуметтік тобы. Қазақстан қоғамының болашағын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. «Жасыл ел» бағдарламасы Қазақстан азаматтарын қоршаған ортаны бағалауға, олардың дүниетанымын, мәдениетін дамытуға және табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы демалыста бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды қадам болып табылады.
«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Жасыл ел» жобасының арқасында жас буын өкілдері көгалдандыру жұмыстарына ғана емес, ортақ мекеніміз – Қазақстан Республикасының гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді. Ордабасы ауданында бұл жоба бойынша 2023 жылы 107 жас еңбекпен қамтылған болса болса, биыл тағы 100 студент жоба аясында еңбекке тартылды.