ЖҮЗДЕГЕН ЖҰМЫС ОРНЫН АШАТЫН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

ЖҮЗДЕГЕН ЖҰМЫС ОРНЫН АШАТЫН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды белгілі кәсіпкер, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен және ТСС компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесуде тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.

Серікжан Сейітжанов өңірде 6 ірі жобаны бастағанын, оның екеуінің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. ТСС корпорациясымен бірлесе Созақта жүзеге асырылатын жоба арқылы жүздеген жұмыс орны ашылып, аймақтың өзіндік кірісі ұлғаймақ. Фосфорды байытып, өңдейтін зауытқа инфрақұрылым жеткізу мәселесі шешімін тапқан. Су, электр жеткізілген. Мұнда өндірілген өнімнің 80 пайыздайы экспортқа шығарылады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге аймақта қуаты 320 МВт болатын газ электр станциясы салынады.

Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін келісімшарттарға қол қойылған. Фосфор өндіруде экологияға зияны жоқ заманауи технологиялар қолданылады.

Дархан Сатыбалды жобаларға қолдау көрсетілетінін, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.