“Азаматтарға қызмет көрсету” ғимаратының алдында жұмыссыздықты жою, жұмыс беруші мекемелердің қажетті мамандар таңдау, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында жұмыссыз аудан тұрғындары үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Еңбек шарасын Ордабасы ауданы “Халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімінің басшысы Талдыбаев Ардақ Саханұлы ашып берді.
Іс-шарада Ордабасы аудандық орталық ауруханасының мамандар бөлімінің басшысы Бағила Исахова, Ордабасы аудандық білім бөлімінің маманы Маратжан Молдабай және т.б. жұмыс берушілер қатысты. Жалпы Ордабасы ауданы бойынша 38 жұмыс беруші, 97 бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, оның ішінде мүгедектігі бар 2 азамат жұмысқа орналастырылды. «Алғашқы жұмыс орнына» — 6 адам, «Жастар практикасына» 30 адамның құжаттары қабылданып, қыркүйек айынан жолдама беріледі.
Жәрмеңкеге жүзден аса жұмыссыз азамат қатысты. Мансап орталығының директоры Дынислам Абдихаймов жұмыссыз жүрген азаматтар үшін еңбек шарасының таптырмас мүмкіндік екендігін айта кетті.
Сонымен қатар «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» қайтарымсыз грант пен жастарға арналған 2,5%-дық жеңілдетілген несие бойынша азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.