Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті. Іс-шара барысында алтыншы Орнықты даму мақсатын іске асыру аясында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесті.
Қазақстан үшін таза ауыз суға және сапалы санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды мәселе екені белгілі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қол жеткізілген елеулі ілгерілеуге қарамастан, әлі де болса маңызды түйткілдер бар.
Қазіргі таңда орталықтандырылған сумен жабдықтауға шамамен 400 мың адам қол жеткізе алмай отыр. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде тұрады. Сондай-ақ Сенат Төрағасы су сапасының нашарлауына, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуына байланысты проблемалар да ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылға дейін ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл міндетті сапалы орындау үшін бірқатар өзекті проблеманы шешу қажет. Қазіргі таңда қолданыстағы көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан ол жерлер қауіптілігі жоғары объектілер қатарында қалып отыр. Арнайы техникаларға қатысты жағдай да осындай. Олардың шамамен 50 пайызы жаңартуды қажет етеді. Алайда, нысандардың тозуы және соның салдарынан судың ысырап болуы мәселенің бір бөлігі ғана. Су сапасының нашарлауы да үлкен проблема екені белгілі. Бүгінде қайта пайдаланылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5 пайызын ғана құрайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы да сөз болды. Жасалған келісімдерге және бекітілген су беру кестелеріне қарамастан, еліміздегі кейбір облыстардың тиісті су көлемін ала алмауы жиі кездесетін жағдайға айналды. Осыған орай Парламентаралық комиссияның Төрағасы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді тәсіл мен стратегиялық жоспар қажет екенін айтып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді.
«Жаңа Су кодексін әзірлеу барысында негізгі мемлекеттік органдардың су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы құзыреттерін қайта қарау қажет. Бұл ретте ведомствоаралық үйлестіруге баса мән берген жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекет басшысының ауылдарды таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Судың қолжетімділігін қамтамасыз етуді инвестициялау үшін нормативтік кедергілерді жоюға арналған шаралар қабылдаудың да маңызы зор. Оның ішінде ағынды суларды қайта пайдалану үшін заңнамалық және нормативтік базаны қалыптастыру қажет. Сондай-ақ суды үнемдеуге және ауыл шаруашылығында су ресурстарын жауапты басқаруға ықпал ететін агроазық-түлік тізбегі бойынша суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу керек. Суды үнемдеу, оның ысырап болуына және ластануына жол бермеу, су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін қоғамда белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Су үнемдеудің озық технологиялары мен заманауи жүйелерін енгізуге арналған шаралар кешенін де әзірлеу қажет», – деді Сенат Спикері.
Парламенттік комиссияның отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен бірге Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, өңір әкімдіктерінің, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, «WATER HUB» халықаралық зерттеу орталығының директоры Анатолий Рябцев қатысып, баяндама жасады.
Отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік комиссия мемлекеттік органдарға алдағы бірлескен жұмысқа қатысты бірқатар ұсыным жолдады. Мәулен Әшімбаев олардың орындалу барысы жұртшылықтың және Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің бақылауында болатынын атап өтті. Сондай-ақ Парламентаралық комиссия аясындағы келесі кездесулерде де атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігіне талдау жүргізілмек.