ОРДАБАСЫ АУДАНЫНАН САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТ Д.ӘБІШТІҢ ЕЛГЕ ЖАСАҒАН ЕҢБЕГІ - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНАН САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТ Д.ӘБІШТІҢ ЕЛГЕ ЖАСАҒАН ЕҢБЕГІ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филалы алаңында өткен брифингтің кезекті қонақтары — облыстық мәслихаттың депутаттары, мәслихаттағы партиялық фракцияның мүшелері Бахытжан Серманизов, Дулат Әбіш, Нұржан Сейітжанов, Мырзахан Манапов пен Бәйдібек аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, Шардара аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүталиев, Отырар аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Қалмырза Бейсенбаев жыл басынан бергі атқарған жұмыстары және Сайлауалды бағдарламаның орындалуы барысында бұқаралық ақпарат құралдары алдында есеп берді.
Айталық облыстық мәслихатқа Ордабасы ауданынан сайланған мандат иесі Дулат Әбіш бір ғана ауданды емес, өтінішпен келген өңіріміздің өзге де аймақтарындағы бірқатар мәселенің шешімін табуына үлес қосқанын атап өтті. Жыл басынан бері өзі сайланған аумақта 4 қоғамдық және 2 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар тарапынан 40-қа жуық өтініш-мәселелер айтылғанын мәлімдеді. Айтылған өтініштердің басым бөлігінің шешімі табылған. Әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мәселелер бойынша құзырлы органдарға жолданған 30-дан астам депутаттық сауалдың 15-і сәтті орындалып, сайлаушылар мәселесі оң шешімін тапқан. Дулат Назарбекұлы сонымен бірге, облыс көлемінде өзінің араласуымен шешімін тапқан бірнеше жәйт туралы мәлімдеді.
Ал Облыстық мәслихатқа Шардара ауданынан сайланған депутат Бахытжан Серманизов сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінде сайлауалды уәделердің бірқатары орындалғанын тілге тиек еткен мандат иесі аудандағы 23 елді мекеннің 18-і ауыз сумен қамтылғанын, бүгінде Қуанқұдық, Құйған елді мекендеріне кешенді блок модуль қондырғысын орнату бойынша облыстық бюджет есебінен 75 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге депутаттың ықпалымен Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 17 млрд теңгеге «Тама-Тастанбек» жобасының құрылысы 2025 жыл басталғалы тұр. Сонымен бірге, депутаттық сауалдардың арқасында орталық стадион ауласынан кіші спорт кешені, Егізқұм ауылына интернет желісі орнатылып, Наурыз мөлтек ауданынан электр желісі үшін қаржын қаралған. Балық өсіру тоғандары ұлғайып, бірқатар кәсіпкер осы салаға бағыт алып, оқу курстарынан өткен.

Одан соң Шардара аудандық мәслихатының төрағасы Бұлтбай Мүталиев аудандағы 15 депутаттың 11-і «AMANAT» партиясынан екенін, аудандық мәслихаттың сессияларында 64 шешім қабылданғанын атап өтті. 43 депутаттық сауал жолданып, оның 39-ына жауап берілген. Азаматтардан түскен 26 өтініштің барлығы шешімін тапқан. Осы және басқа да атқарылған жұмыстарға тоқталған мәслихат төрағасы мен облыстық мәслихат депутаты Бахытжан Серманизовке бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан Шардара ауданына қатысты бірқатар өзекті сұрақтар қойылды. Онда негізінен шағалалы Шардараны туризм орталығына айналдырау, науқандық шомылу мерзімін ұзарту жайы сынды сауалдарға жан-жақты жауап берілді.

Отырар ауданына облыстан бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын қысқарып келеді. Себебі, инвесторлар есебінен өзін-өзі қаржыландыру жұмыстары жүруде. Биыл қытай инвесторлары 33 мың гектар жерге мақта егу жұмыстарын бастап кеткен. Облыстан бөлінген трансфер есебінен 2 мәдениет үйі мен 2 ФАП салынып, жуық арада пайдалануға берілмек. Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты Мырзахан Манапов атап өтіп, жалпы өзі тарапынан 10 депутаттық сауал жолданғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда оның 6-уы шешімін тауып, қалғаны келер жылдың еншісіне қалып отыр.

Түркістан облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болып табылатын облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейтжанов құрылған уақытша депутаттық комиссияның құрамында бірқатар басқармаға қатысты мекемелер жұмысын зерделегенін хабардар етті. Онда Жетісай, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Отырар аудандарында мектеп, аурухана, балабақша сонымен қатар инфрақұрылым жол, жарықтандыру, ауызсу мәселесі бойынша арнайы жұмысшы топ зерделеген мәселелерді сессия қарауына ұсынған. Сайлаушылар тарапынан түскен өтініштер негізінде жолданған 9 депутаттық сауалдың 7-уі орындалған. Бұдан бөлек, «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесімен аудан тұрғындарының арыз-өтініштері бойынша бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдаулар өткізіп, онда көтерілген 24 мәселенің бүгінде 17-сі оң шешімін тапқан.

Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Уалихан Ұзақов мәслихаттың 11 айда атқарған жұмыстары туралы баяндап өтті. Мәслихаттағы 13 депутаттың 10-ы «AMANAT» партиясының мүшесі екендігін, жыл басынан бері мәслихаттың 10 сессиясы өткізілгені туралы ақпар берді. 9 рет өткізілген тұрақты комиссия отырыстары нәтижесінде сессияларда 56 мәселе қаралған. Жыл басынан бері мәслихат депутаттарының атынан 291 депутаттық сауал жолданып, тиісті жауаптар алынғанын атап өтті. Брифинг барысында БАҚ өкілдері Отырар ауданына қатысты жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан шіркей жайы,аудан тұрғындарын мазалап жүрген жұқпалы жара бойынша сауалдарға жауап алды.
Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Имангелді Түймебаев мәслихат өз қызметін ҚР-ның Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және өкілді органдардың жұмысын реттейтін басқа да заңнамалық актілерге, ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларын басшылыққа ала отырып жүзеге асырып келе жатқанын жеткізді. Бәйдібек аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жыл көлемінде жалпы 84 депутаттық сауал көтеріліп, оның 49-ы орындалған. Имангелді Қансейітұлы сонымен бірге аудан депутаттары аймақтағы барлық мәдени-көпшілік, қайырымдылық шараларға атсалысып, сауапты істерден шет қалмай келе жатқанын тілге тиек етті. Партиялық жобалар төңірегінде өткізілген іс-шаралар баяндама барысында мәлімделді.
Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Қалмырза Бейсенбаев аудандық мәслихаттағы 18 депутаттың 15-і «AMANAT» партиясынан екенін жеткізді. Жыл басынан бері аудандық мәслихаттың 12 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 66 шешім қабылданған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үнін еститін мемлекеттің басты бағыты «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы аясында барлық мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді басты назарға ұстап отырғанын мәлім етті.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халық сенім артқан мандат иелеріне өздері сайланған аумақтардағы шешімін күткен жәйттерге қаншалықты ықпал етіп жүргенін, өңірлердегі өзекті жәйттерге белсенділіктері бойынша сауалдарын қойды. Сонымен бірге, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір саналатын депутаттар мен тілшілер қауымының ел дамуы барысында бірге жұмыс істеуі туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.