Түркістан облысында Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларының көлемін арттыру тапсырмасын жоғарғы деңгейде орындауға толық мүмкіндік бар. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың Түркістан облысына іссапары барысында су шаруашылығының проблемалары және су үнемдеу технологиясын енгізу мәселесі жөнінде өткізген мәжілісте айтылды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жүргізген жиналысқа ауыл шаруашылығы құрылымдары басшылары, аудан, қала әкімдері, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Мәжілісте республикалық меншіктегі су нысандарының құрылысын аяқтауды қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларына қажетті жеңілдетілген кредиттік ресурстар туралы айтылды. Сонымен бірге инвестициялық субсидиялауға қажетті қаржының республикалық бюджеттен қаралуы жайлы да айтылды.
Министр бірінші кезекте су үнемдейтін технологияларды енгізу және суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет бұл үшін субсидия көлемін ұлғайтуға және суармалы суға тарифті төмендетуге дейін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді. Бұл саладағы мәселелердің шешілуіне барынша қолдау көрсетілетінін айтқан министр, өңірдегі су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарына оң баға берді.
Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Сонымен қатар тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Көрші Өзбекстан елінде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт басшылығымен Түркістан өңірінде жұмыс бастау туралы келісім жасалды.
– Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13 пайызы облыстың үлесінде. Облыста 81,8 мың шаруа, фермерлік қожалықтар жұмыс істейді. Бұл –республиканың 30%-ы. Сондықтан да, бүгінгі көтеріліп отырған күн тәртібіндегі мәселелер Түркістан облысы үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екендігін атап өтіп, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалу шараларын қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Оның ішінде су шаруашылығын дамытуға, су үнемдеу технологияларына кешенді көшуді негізгі басымдыққа қойды. Осы орайда, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы арнайы өңірлерге келіп, тікелей шаруалармен жүздесіп, мәселелерді талқылауда, – деді мәжілісті жүргізген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Нұржан Нұржігітов министрлік жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты. Мәселен, Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады. Сондай-ақ 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарлануда.
– Судың көлемі енді көбеймейді. Сондықтан осы бағытта жұмыстарға күш салынады. Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Су кодексінің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық беріледі. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Мәжілісте спикерлер суару маусымына дайындық, су жинау, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарын енгізу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және басқа да маңызды мәселелер бойынша баяндады. Ұсыныстар енгізіліп, жоспарлар жасалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі