Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша Түркияның 3 компаниясымен меморандумға қол қойылды - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша Түркияның 3 компаниясымен меморандумға қол қойылды

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті.
Жиынның күн тәртібінде бюджет қаржысының игерілуі, салық түсімдерінің орындалуы және әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштерінің жыл қорытындысымен орындалуы, жыл соңына дейін тапсырылатын құрылыс, табиғи газ, ауыз су т.б нысандардың жай-күйі, жылдық жоспардың орындалуы бойынша есептер тыңдалды.
«Қазіргі таңда аудан көлемінде бюджет қаржысы жоспар бойынша игерілуде. Салалар бойынша салық түсімдерінің орындалуы 5 ауылдық округте төмен», деді аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Сихымбаева.
Аудан әкімі көрсеткіші төмен ауылдық округ әкімдеріне жеке және заңды тұлғалардың мүлік көлік салығы, ерікті түрде алымдар бойынша бюджетке түсетін салықтарды тез арада орындауды тапсырды.
Жыл соңына дейін тапсырылатын құрылыс, табиғи газ, ауыз су т.б нысандардың жай-күйі туралы аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Т.Омарқұлов, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары тұрғын инспекциясы бөлімінің басшысы А.Искаков баяндап өтті.

Өз кезегінде аудан әкімі жылдық жоспарды толығымен орындап, тапсырылатын әрбір нысанды айтылған мерзімде ашып, халықтың игілігіне беруді қадап айтты. Олай болмаған жағдайда сала орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына шара көрілетінін ескертті.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы П.Ташимова ағымдағы жылдың 24-30 қараша аралығында Түркия Республикасындағы іссапар барысын баяндады. Нәтижесінде ауданға инвестиция тарту бойынша 3 компаниямен меморандумдарға қол қойылғанын хабарлады.
Апталық мәжілісте, жылыту маусымында атқарылып жатқан жұмыстар, қоғамдық-саяси ахуал, мерзімді басылымдарға жазылу бойынша да сала жауаптылары аудан әкіміне қысқаша баяндап өтті.
Мәжіліс соңында аудан басшысы баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді.