Ерен еңбек пен таудай талаптың нәтижесі: Төрткүлден шыққан әйгілі математик Уәлбай Өмірбаев - Kemel kz
#Әлеумет #Білім #Жалпы

Ерен еңбек пен таудай талаптың нәтижесі: Төрткүлден шыққан әйгілі математик Уәлбай Өмірбаев

Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылынан Қазақ халқын әлемге танытқан азамат Уәлбай Өмірбаев шыққан. Америка математика қоғамының жоғары дəрежелі «Мур» жəне ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уəлбай Үтмаханбетұлы нақ осы Төрткүл ауылының тумасы. Ел мақтанышы талай жылдан бері АҚШ-да еңбек етіп келеді.
Қазақ халқын әлемге танытып, қарым қабілетін жұмыр жердің математиктеріне таныта білген Уәлбай Үтмаханбетұлы Өмірбаев 1960 жылы 7 мамырда қазіргі Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылында дүниеге келген. Ол 1967 жылы осындағы орта мектептің табалдырығын аттап 1973-1977 жылдары Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде білім алған. Жоғары оқу орнында Новосібір мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін тəмамдады. 2001 жылы Жапон математигі М.Нагатаның, 2004 жылы ағылшын математигі П.Конның есебін шешкен жерлесіміз 2007 жылдан бері АҚШ-тың Уейн Университетінде еңбек етеді.
Әлем ғалымдарын мойындатқан Уəлбай Өмірбаевтың жетістіктер ерен еңбек пен таудай талаптың нәтижесі екеніне ешкімнің күмән келтірмесі хақ. Қарапайым ауыл мектебінен шығып білімінің арқасында жоғары жетістікке жете білген математиктің өмір жолы жастарға үлгі.
Төрткүлдің тумасы Уәлбай Өмірбаев еңбегіне сай ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік стиаендияларға, ҚР «Үздік оқытушысы» грантына ие болып, Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін», сондай-ақ «Білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. Сондықтан әйгілі математиктің еңбегі мен ғылыми ізденістегі жетістіктері бүгінгі жастар үшін үлкен өнеге.
Көптеген жылдар бойына әлем математиктері шеше алмаған Нагата есебін шешу арқылы Уәлбай Өмірбаев әлемдік ғылымда серпіліс жасады. Бұл тұрғыда ғалымның қабілет-қарымы мен табандылығына таңдай қақпау мүмкін емес.