ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҚАЙРАТКЕР — ӘКІМ ЫСҚАҚ - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҚАЙРАТКЕР — ӘКІМ ЫСҚАҚ

Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлы 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында дүниеге келген.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ордабасыдан шыққан ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Композиторлар Одағының, Халықаралық журналистер Одағының мүшесі, журналистер одағы сыйлығының лауреаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы. Шымкент педагогика институтының физика және Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 2008 жылы Германияның Шпайер қаласында Әкімшілік ғылымдар жөніндегі Неміс университетінде мемлекеттік қызметкерлердің курсында оқып, арнайы білім алған.

Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы. Мәжіліс депутаты кезінде ерекше белсенділігімен, шынайы ұлтжандылығымен, қазақ тілінің жанашырлығымен мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген ол елдің нағыз халық қалаулысына айналды. Жылға жуық қызу текетірес талқылауда, Парламент қабырғасындағы 42 отырыста Әкім Ысқақ өз заң жобасын қайраткерлікпен қорғап, дәлелдей білді. Он бір ай бойғы қазақ тіліндегі заң үшін ашық арпалыста аянбай күресіп, кездескен кедергілердің бәрінен сүрінбей өтіп, жеңіске жетті. «Халықтың көші-қоны туралы» заңының балама жобасын дүниеге әкелуі де үлкен қажырлы еңбектің нәтижесі еді. Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі Агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Отанға оралу да, жәрдемақы да, баспана алу да осы заңмен іске асып келеді. Бүгінде алыс және жақын шетелдерден миллиондаған қандастарымыз оралды. Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан ата қонысқа келген отбасылардың азаматтық, пәтер, білім алуына жұмысқа орналасуына және басқада жұмыстарына тікелей қамқор болды. Кәсіпқой парламентшілер ішінде ол өзінің халықшылдығымен, ержүректігімен, ең бастысы қазағына тән қарапайым қамқоршылдығымен шын мәніндегі халық қалаулысы екендігін дәлелдеген адам.
Ордабасы туралы аудан тарихы жөніндегі «Үш жүздің басын қосқан Ордабасым» атты алғашқы кітаптың авторы. 1997 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл адамы» атанды.

Ордабасы, Сарығаш, Сайрам аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің, Моңғолияның «Шыңғысхан» медалінің, өзге де көптеген марапаттардың иегері. Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Адам іздеп жүрмін», «Жүректегі жазулар», «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ», «Жан жаңбыры», «Көңіл қымбат», «Алтыным», «Адам-өмір дәптері» секілді 30-дан астам кітаптың авторы. Мемлекет және қоғам қайраткерінің Отанымыздың өркендеу жолындағы табанды еңбегімен қосқан үлесі көпке өнеге, жастарға үлгі.
Айта кетсек ақынның шығармалары орыс, өзбек, түркімен тілдеріне аударылған. Әкім Ысқақ жан дүниесіндегі нәзік иірімді әсем әуенмен әуелеткен сазгер екенін өнер сүйер қауым жақсы біледі. Ол өзіндік өрнегі бөлек елуден астам әннің авторы.
Сонымен қатар, Бөржардағы Абай мектебіндегі, Сұлтан Ысқақов мектебіндегі, Түркістан қаласындағы Ататүрік мектебіндегі, Астана қаласындағы нмері 42-ші мектебіндегі бір сынып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогка университетінің 312-ші дәрісханасы Әкім Ысқақ есімімен аталады. Ал Ордабасы ауданының Шұбарсу елді мекенінде орналасқан «Достық» мектебінде «Әкімтану» сыныбы ашылған және шығармашылығына қатысты арнайы сабақ өтіп тұрады.