ЕЛДІҢ СЕНІМІНЕН ШЫҚҚАН ІСКЕР ДЕПУТАТ – ДИНАРА ЕГАМБЕРДИЕВА - Kemel kz
#Жалпы

ЕЛДІҢ СЕНІМІНЕН ШЫҚҚАН ІСКЕР ДЕПУТАТ – ДИНАРА ЕГАМБЕРДИЕВА 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес, Мәслихат депутаттары жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп беруі тиіс. Осыған байланысты Түркістан облыстық мәслихатына Түлкібас ауданынан сайланған депутаттар Динара Егамбердиева, Нұрайым Шақимергенқызы және Төрегелді Қалмұратов аудан тұрғындарымен есепті кездесулерін өткізді.

Жиынға Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері мен орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында облыс мәслихатының депутаттары Динара Егамбердиева мен Нұрайым Шақимергенқызы Түлкібас ауданына бөлініп жатқан облыстық, республикалық бюджетпен, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, әрі облыстық  бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымын атқаратын Егамбердиева Динара Асылқызының баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз:

                                                                         Құрметті жиынға қатысушылар!

Бүгін, жоспарға сәйкес 2024 жылы облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстарды қорытындылау сәті келіп отыр. 

Өздеріңізге белгілі, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихаттар маңызды рөл атқарады.

Осы тұрғыда, өткен жылы облыстық мәслихаттың  6 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 89 шешім қабылданды, оның ішінде 20 шешім (нормативтік құқықтық акт) облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті.

Қабылданған әрбір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.

Атап айтқанда, 2024 жылы бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері  жөніндегі тұрақты комиссиясының     10 отырысы өткізіліп, 29 мәселе қаралса, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның  6 отырысы өткізіліп, 70 мәселе қаралды.

Сол сияқты кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 6 отырысы өткізіліп, 38 мәселе қаралды.

Сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті  4 рет нақтыланды.

2024 жылы облыс бюджетінің көлемі 1 триллион   451,1 млрд. теңгені құрады. Бюджеттің 62,1 % немесе 901,1 млрд. теңге әлеуметтік салаға бөлінді.

Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді.

Атап айтқанда, білім саласын қолдауға 771 млрд.теңге, әлеуметтік қорғауға 62,1 млрд  теңге, мәдениет және спорт саласына 35,4 млрд теңге,  денсаулық сақтау саласына 32,5 млрд. теңге қарастырылды.

17 мемлекеттік мекеменің есептері тыңдалды. Есебі тыңдалған мекемелердің жұмыстарын зерделеу үшін алдын-ала арнайы уақытша депутаттық топтар құрылды. Депутаттық топтар өңіріміздің барлық  аудан, қалаларын аралап, мемлекеттік мекемелерінің жағдайымен танысып, жұмыстарына зерделеу жүргізді.

Есепті кезеңде депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 502 депутаттық сауалдар жолдады.

Оның 381-і немесе 76% қанағаттандырылып, орындалған. Ал, қалған 121-і орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.

Жалпы 502 депутаттық сауалдың:

— 18,5 пайызы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым (ауыз су, газ, электр энергиясы) саласына;

— 11,1 пайызы қаржы және экономика саласына;

— 9 пайызы білім саласына;

— 5 пайызы құрылыс саласына;

— 3,5 пайызы әлеуметтік салаға;

— 53 пайызы денсаулық саласына, қалғаны өзге де салаларға қатысты.

Cонымен қатар, депутаттар аудан, қала тұрғындарымен кездесіп, 466 қоғамдық қабылдау өткізіп, 1790 азаматты қабылдады.

Қабылдауларда көтерілген мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті ұсыныстар жолданды.

Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс.

Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардан барлығы 154 өтініш келіп түскен, оның ішінде 125-і жеке тұлғалардан, 29-ы заңды тұлғалардан. Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді.

Сонымен қатар, 2024 жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 1827 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларға талдау жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне  кіретін мәселелер бойынша 282-сі хабарламалық мазмұнда болса, қалған 1545-не жауаптар жолданды.

Түркістан облыстық мәслихаты қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен  халықты ақпараттандыру мақсатында есепті кезеңде өткен барлық 6 сессияның онлайн-көрсетілімдері «Youtube» платформасында көрсетілді.

Өткен жылы облыстық мәслихат депутаттары барлық аудан, қалаларда халық алдында есеп берді. Олардың  мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап бердік. Кездесулердің қорытындысы бойынша 24 өзекті  мәселелерді жинақтап, атқарушы органдарға жолдадық. Бүгінде тиісті жұмыстар жүруде.

Сонымен қатар, тарихи дата мәслихаттардың 30 жылдығына арналған  түрлі шараларды өткіздік. Жыл ішінде шахматтан, тоғызқұмалақтан  турнирлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында және суретшілер арасында байқаулар, кіші футболдан біріншілік өтті.

30 жылдыққа арналған іс-шаралар легін қараша айында үлкен конференция өткізіп, қорытындыладық. 

Жалпы, облыстық мәслихат біршама жұмыстарды атқарды. Әлі алдымызда атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар бұдан да көп.

Өйткені, еліміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек ету – келешек ұрпақ алдындағы біздің ортақ парызымыз.

Түркістан облысы бойынша балалар құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл ретінде:

 «Бала — еліміздің ертеңі» осыған сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп айтқан болатын.

Осы орайда, мемлекетіміз тарапынан балаларды қолдау мәселелері бойынша байланысты бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, Министрлік тарапынан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы  жаңартылып, барлық білім беру ұйымдары қазіргі таңда жұмыс атқаруда.

1. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты алдын алу  бойынша заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілді.

        2. Қамқоршылық  органдары қызметкерлері санының нормативіне қатысты түзетулер енгізілді.  Яғни, 5 мың  балаға  кемінде  1 қызметкер анықталуы  тиіс. Түркістан облысында миллионға жуық балаға 19 қызметкер болса,  қазір  180 қызметкер болады.

        3. Облысымызда  алғаш  рет «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» құрылды.

       4. Колледждердегі мониторинг автоматтандырылды. Білім алушылардың дәріске қатысуын айқындайтын FACE ID жүйесі 25 мемлекеттік колледжде орнатылған болатын. Бүгіннің өзінде 260 студент оқудан шығарылды. Осындай  кемшілікке жол берген және білім деңгейі төмен колледждерге рейтинг жасалып, басшыларына қызметтік тексерулер жүргізілуде. Сәйкес келмеген жағдайда заң аясында шара көріледі немесе лауазымынан босатылады. Бұған дейін ескертулер берілді.

Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық жоба аясында Түркістандық оқушылар үшін 2025 жылы 29 «Жайлы мектеп» салу жоспарланды.
        Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден астам білім беру ұйымында жүргізілуде. Мұндай ауқымды құрылыс сала тарихында орын алмаған жағдай. Оның ішінде 193 мектеп пен балабақшада ағымдағы жөндеу бар.  Бұл мақсатқа 10,1 млрд теңге бағытталуда. 106 білім нысанының жылу жүйесін көмірден газға ауыстырудамыз. Ол үшін 2,1 млрд теңге бөлінді. 12 колледжге де ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 5-еуі жаңа оқу жылында халықтың игілігіне тапсырылады.

Төлеби ауданындағы балалар үйі күрделі жөндеуден өтті, Оңдасынов атындағы арнайы интернатта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, Ерубаев атындағы интернатта футбол алаңы салынды. Әр мектепте 111 сенім телефонының плакаттары ілінгені және пилоттық мектептерде KiVa бағдарламасының енгізіліп жатқаны да қуантты. Мектеп дәлізінде кездесіп қалған балалар да, мұғалімдер де бұл бағдарламаны, оның маңыздылығын жақсы түсінген. Ең бастысы – буллингпен қалай күресу керек екенін және басқа балалар мен адамдардың сезімдерін қадірлеудің маңызды екенін түсінеді.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, әрі облыстық  бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Динара Асылқызы Егамбердиева