Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бекітілген кестеге сәйкес Шұбар ауылдық округінің халқымен кездесіп, жыл басынан бері атқарылған және шұбарлықтар тарапынан алдыңғы кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша баяндама жасады.
Шұбар ауыл округінде өздеріңізбен болған өткен есепті кездесуде 10-ға тарта ұсыныс айтылды. Осы мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, сіздер көтерген 10 мәселенің 4-еуі шешілді.
Жалпы, Шұбар ауылдық округіне қарасты биылғы жылы 4 елді мекен табиғи газға қосылатын болады, Жусансай ауылы, Ж.Елтай, О.Үсенұлы көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде, қараша айында аяқтау жоспарлануда. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвест бағдарламасы аясында Шұбар ауыл округінен 1,8 шақырым электр желілері жаңартылды. Береке ауылы, Баймұратұлы көшесіне аяқ жол салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілді. 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Тоқсансай ауылына баратын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Шұбар-қайшылы», «Балпан» каналдары механикалық тазалаудан өтті. Оған өздеріңіз куәсіздер. Қысқасы, Шұбар ауылдық округіндегі ауылдардағы түрлі бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көз алдарыңызда. Бұйыртса, жоспарға сәйкес барлық негізгі мәселелер шешімін табатын болады, — деді аудан әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан сауалдар қойылды. Олар негізінен көшелерді жарықтандыру, электр желілері, кәсіпкер азамат тұрмысы төмен отбасыларға үй салып беру үшін жер телімін сұрады, мәдениет үй, ортақ жайылым жер мәселелері. Әрбір сұрақ жіті бақылауға алынды және тиісті сала мамандарына аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.
Шараның соңы ауыл тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдаумен жалғасты.