Тәуелсіздік күні қарсаңында Ордабасы ауданы Қарабастау елді мекенінде фельдшерлік акушерлік бекеті ашылды. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудан әкімі Азат Оралбаев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев қатысты.
Ордабасы ауданы Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары ем іздеп аудан орталығына бармай дертіне шипаны Қарабастау-2 фельдшерлік-акушерлік бекетінен табатын болды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы басталған.
Ендігі жерде мыңнан астам тұрғыны бар (ересектері-551, 196-босану жасындағы әйелдер, 1-жас аралығында-22, 0-14 жас-417, 15-17 жас аралығындағы 57-жасөспірімдері бар) Қарабастау ауылының тұрғындары үшін бұл өте тиімді болмақ.
Фельдшерлік-акушерлік бекетте қазіргі заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі жұмыс жасайды.