«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Түркістан облысында «Қамқорлық» бағдарламасының орындалуына арналды. Жиынның жұмысын бастап берген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, отбасы институтының беделін көтеру, жаңа әлеуметтік қатынастарды нығайту, инклюзивті орта қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы екенін айта отырып, бұл бағытта партия, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам бірлесе іс-қимыл жүргізуі керек екенін мәлімдеді.
Отырыстың күн тәртібін таныстырған кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, бүгінгі жиында мемлекеттік әлеуметтік саясатта маңызды басымдыққа ие «Қамқорлық» бағдарламасының өңірімізде іске асырылуы, кеңестің биылғы жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және 2025 жылға жоспарланған негізгі жұмыс бағыттары талқыланатынын айтты. Алға қойған міндеттерді атқаруда кеңес мүшелері Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті.
Тұрмыстық ахуалы аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейінен шығуға ұмтылдыратын «Қамқорлық» бағдарламасының орындалуы туралы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мированың хабарламасы тыңдалды. Аталған бағдарлама облысымызда 2020 жылдан бастап іске асырылып жатқанын хабарлаған Күміс Кемелқызы, осы жылдар ішінде оның аясында 5,2 мың отбасы 1,6 млрд. теңге көлемінде демеушілік көмек алғанын, 155 үйсіз жүрген отбасы тұрғын үймен қамтылғанын жеткізді.
Өткен жылы бағдарламаға 993 отбасы қатысқан болса, оның 344-нің тұрмыс жағдайы жақсарып, бағдарлама қатысушылары санатынан шыққаны айтылды. Ал биылғы жылы мұқтаж отбасылар қатары 161 отбасымен толығып, бағдарлама қатысушысы болып табылатындардың саны 793 отбасы болып бекітілген. Сонымен қатар, биылғы жылы осы санаттағыларға 104 млн. теңгенің демеушілік көмегі көрсетілген, 12 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Демеушілік көмекті белсенді көрсеткен аймақтар қатарында Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Шардара аудандары және Арыс қаласы көш бастап тұрғаны жария етілді.
Сондай-ақ жиын барысында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық автоматтандырылған жүйесі туралы толық ақпарат беріліп, цифрлы платформаның дерекқоры 9 іріктеу критерийлері бойынша жасақталып жатқаны айтылды. Өзара интеграцияланған бұл жүйеге түрлі мемлекеттік органдардың құзырына жататын бағыттар бойынша 30-дан астам қызмет түрлері қамтылып, отбасының әлеуметтік мәртебесін айқындауда әлеуметтік саламаттылықтың деңгейі, кірістер мен кредиттік міндеттемелердің ахуалы, иелігінде жылжымалы мүліктің, тұрғын жайдың болуы мен жүмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру қызметтерімен қамтылуы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша табысының болуы бағаланатыны мәлімделді. «Отбасының цифрлық картасы» әр отбасының жиынтық балмен есептелген A, B, C, D, E әлеуметтік саламаттылық деңгейлері бойынша қалыптастырылатыны түсіндірілді.
Жиынға қатысушылар уәкілетті мемлекеттік орган өкілі берген мәліметтерге қанық болып, деректер қорын қалыптастыруда қай аудан, қалалар белсенділігі төмен болып отырғанын сұрады. Бұл жұмыстар барлық аймақтар бойынша тең дәрежеде атқарылып жатқанын мәлімдеген басқарма өкілі, халық саны аз аймақтардың көрсеткіштері тұрғындары көп аймақтармен салыстырғанда басым екенін айтты және ол объективті себеп болып табылатынын жеткізді. Сондай-ақ мәжіліс барысында отбасыларды әлеуметтік мәртебесі бойынша санаттарға бөлуде әлі де жетілдірілетін мәселелер бар екені айтылды, оның ішінде цифрлы картаны әзірлеуде дерекқордың объективтілігін қамту міндеті әлі де өзекті екені назарға алынды.
Критерийлер мен жиынтық балдарды есептеу автоматты түрде іске асырылғанымен, уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан шынайы баға берілуі маңызды екеніне көңіл бөлінді. Базадағы деректерді рұқсатсыз пайдаланудан қорғау бойынша сауал қойылып, дерекқордың қауіпсіздігін қамту мәселесі де қозғалды. Тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған гранттар тағайындауда, әділдік пен ашықтық принципін сақтауда өзекті деген мәселелер бар екені айтылып, осы гранттарды тағайындау комиссиясының құрамына қоғам белсенділерін, депутаттарды тарту бойынша және азаматтық қоғаммен бірлесе мониторинг жүргізу туралы ұсыныстар айтылды.
Жиынның күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – партияның өңірлік филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің биыл атқарған жұмыстары туралы кеңес төрағасы Ғалымжан Елшібай кеңінен айтып өтті. Ең алдымен консультативті кеңесші органның құрамы жаңа мүшелермен толығып, сапалы жұмыс жүргізуге қадам жасалғанына назар аударылды. Кеңес отырыстары бекітілген кестеге сәйкес, тоқсан сайын өткізіліп, мәжілістерде барлығы 26 ұсыныс қабылданғанын мәлімдеді. Жиындарда Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік саясаттағы басымдықтар, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы мәселелері қаралғанын жеткізді.
Облыстық партия филиалының Әйелдер қанатымен бірлесе мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен инклюзивті спорт түрлері бойынша «Тең қоғам» жарыстары өткізілгенін ерекше атап өтті. Кеңестің көшпелі отырыстарын өткізу дәстүрге енгізіліп, аудан, қалаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру міндеті бойынша зерделеу жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешуде облыс әкімдігімен ықпалдастық байланыстар түзіліп жатқанын айтты.
Кеңестің 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары кеңес мүшелеріне алдын ала берілгенін айтқан Ғалымжан Қамытбекұлы, кеңес мүшелеріне жоспар жобасымен танысып, кеңестің жұмысшы органы болып табылатын партияның облыстық филиалы саяси жұмыстар бөліміне ұсыныстар жолдауды тапсырды.