Ордабасы ауданы Темірлан ауылының Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абибулла Жакудаев 2024 жылдың 5-ші қазанында Президент қолынан марапат алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлағатты ұстазға “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” наградасын салтанатты түрде табыс етті.
Абибулла Жакудаев 1983 жылы Алматы шетел тілдері педагогикалык институтының ағылшын тілі факультетіне түсіп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын 1990 жылы бітіріп, жоғары білім алады. Ол алғашқы еңбек жолын 1983 жылы жалпы орта білім беретін Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінен бастаған.
Расында, қырық жылдан астам ұстаздық еңбегінде оның алған асулары мен шыққан биіктерін санап отырсаңыз, бір кітапқа жүк болады.
Педагогикалық қызметте өзінің пайым-парасатымен, ізденімпаздығымен, іскерлігімен, білімдарлығымен танылған Абибулла Жакудаевтың есімі бүгінде Республикаға танымал. Бұған оның республикалық педагогикалық оқуда «Алғашқы сатыда балаларды ағылшын тіліне үйретудің тиімді жолдары» атты еңбегі (кітабы) үшін бірінші орынды жеңіп алуы, «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» республикалық жобасында «Құрмет» грамотасымен марапатталуы, «Жаңа буын оқулықтарының мектеп өміріне ендірілуі» атты республикалық семинарда жоғары нәтижеге қол жеткізуі, Х халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциядан арнайы сертификат алып қайтуы дәлел. Бұдан тыс ол Ирландия астанасы Дублин қаласында өткен сабаққа, Нұр-Сұлтан–Берлин халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сертификат пен Алғыс хаттарға ие болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған А.Жакудаев педагогика ғылымдарының магистрі.
Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы. Көтерілер биігі жоғары. Алар асуы көп. Айталық, Абибулла ұстаздың шәкірттері бүгінде талайларды тамсандырып жүр. Айталық Б.Сұлтанбеков АҚШ-та магистратура бітірсе, Б.Қожагелдиев пен Р.Кенжебеков – Қазақ-Британ университетінің түлектері. Бұдан өзге Балжан Тұрғанбай, Жазира Лес, Салтанат Жакуда, Айсұлтан Райымбек, Ильяс Ермахан, Аружан Кеулімжаева, Ақбота Жакудаева сынды шәкірттері облыстық, республикалық пән олимпиадаларында топ жарған. Бұлардың дені Кіші Ғылым академиясының мүшелері. «Ақ желкен» лингвистикалық зияткерлік олимпиадасына дайындаған тағы бір оқушысы Құрмет грамотасымен марапатталды. Түркістан облысы бойынша өткен «Оқу үздігі» атты слетте Абибулланың шәкірттері бас жүлдені жеңіп алып, мектеп қанжығасына ұпай салып, қуантқаны тағы бар.
– Әлемдегі ең көп қолданылатын тілдердің бірі – ағылшын тілі. Яғни әлемдік деңгейде алар орны биік болғандықтан да бұл тілден қашпауымыз керек. Әрине, бастауыш сыныпта оқушыға ана тілімен бірге орыс, ағылшын тілдерін оқу ауыр тиеді. Бұл ретте тіл үйретудің оңайлатылған жүйелерін іздестірумен келеміз. Менің «Бастауыш сыныптардағы балаларға ағылшын тілін үйретудің тиімді жолдары» атты ғылыми-зерттеу жұмысым дәл осы мәселеге бағытталған. Балалардың тіл байлығын жетілдіру, сөз жаттату мақсатында «Біз ағылшын тілін үйренеміз!», «Тіл – қатынас құралы», «Түр-түстер», «Аңдар әлемі», басқа да тақырыптарға ашық сабақтар, ертеңгіліктер, шеберлік сабақтарын өткізіп келеміз. Осы сабақтармен облыстық, республикалық,
халықаралық семинарларға дейін бардық. Бала ертеңінің жарқын екенін білетін ата-аналар бізге көптеп келеді. Біз боламын деген бала көрсек қуанамыз, – дейді Абибулла Мыңасарұлы.
Алматы шет тілдері институтының түлегі Абибулла Жакудаев – бүгінде «Педагог – шебер» біліктілік санатының иегері, жоғары санатты ұстаз. Ол 1993 жылы мектеп жанынан эксперименттік алаң ашылып, конкурс арқылы ағылшын тілінің маманы болып жұмысқа қабылданды. Білім мекемесі келесі жылы мектеп-гимназияға айналды. Білім ұясы жанында «Аққу», «Бүлдіршін», «Шолпан» атты балалар бақшасы бар-ды. Абибулла осы балалар бақшасында ұстаздық ете жүріп, білімін шыңдады, болашаққа есік ашты. Іздене жүріп, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық педагогикалық оқуларда баяндамалар жасай бастады. Осылайша, ол жоғары сынып оқушыларына дәріс бере жүріп, ағылшын тілінің өмірлік қажеттілігін шәкірттеріне ұғындыруға тырысты. Ол өз кабинетінде көрнекі құралдар мен дидактикалық материалдар қорын жасақтады. Осындай ерен еңбектері үшін жаңашыл мұғалім 2004 жылы «Облыстың ең үздік ұстазы» номинациясын жеңіп алды.
Жалпы, Жакудаевтың білім саласына қосқан үлесі үшін алған марапаттары жеткілікті. Солардың ішінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталуы, «Шығармашыл ұстаз», «Жаңашыл ұстаз» номинацияларының иегері болуы А.Жакудаевтың жаңашыл педагог екенін паш етеді. Оның бұдан да басқа толып жатқан марапаттары мен алғыстары бір төбе. Қай байқауға, олимпиадаға, жарысқа барса да бас жүлдемен, немесе бірінші орынмен оралатын.
А. Жакудаев осынша биікке көтерілсе де «болдым, толдым» деп отырған жоқ. Ол қашан да ізденіс үстінде жүреді. Мәселен, Халықаралық Экология, Инженерия және Педагогика Ғылымдары академиясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Ағылшын тілі мұғалімдерінің пәндік құзіреттерін дамыту» курсына қатысып, біліктілігін арттырып қана қоймай, осы орталықтың сертификатын иемденуі еңбекқор ұстаздың тынбай ізденуінің нәтижесі.