ДЕПУТАТ ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІНЕ ДЕН ҚОЙДЫ - Kemel kz
#Әлеумет

ДЕПУТАТ ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІНЕ ДЕН ҚОЙДЫ

«AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес облыстық мәслихат депутаты Әшіров Нұржан Сапабекұлы азаматтардың арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Сонымен бірге бұл күнгі қабылдауға аудандық партия филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің №6 медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Абилдаев Бауыржан Ормантайұлы сонымен бірге Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының басшысы Сланов Бекзат Махамбетұлы бастаған медецина саласының жауапты өкілдері қатысты. Осы тұста қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігінің өтініш тілектері нақ осы денсаулық саласы мен зейнеткерлікке шығу мәселесіне қатысты болды. Бұл ретте осыған дейін айтылған өтініштері өз шешімін тауып партия филиалына алғысын айта келгендері де бар. Солардың бірі Қазығұрт ауданының тұрғыны Гүлбахира Баратова болатын. Ол немересінің денсаулық жағдайына байланысты жасаған өтінішінен соң диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларына қолдау білдірілгендігін айтып аналық алғысын білдірді.

Қоғамдық қабылдау барысында облыстық мәслихат депутатына мүгедектерге берілетін баспана кезегі жөнінде және көше жарығына қатысты өтініштерін айта келгендер де бар. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардың оңалту бағдарламасы аясында көрсетілетін қызмет алу туралы өтініштеріне де жауапты сала мамандары жауап беріп жатты. Ал С.Рақымов ауылдық округіне қарасты Көкібел елді мекенінің тұрғыны Асанәлі Абдиров та бұл күні қоғамдық қабылдауға алғысын айта келген. Яғни 5 жылдан бері денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік топқа шыға алмай келген азаматтың мәселесі жуырда өз шешімін тапқан.

Бұдан өзге жауапты мекеме басшыларының қатысуымен өткен қабылдауға келгендердің тағы бірі балаларының денсаулығына қатысты мәселелерін айтып тиісті кеңестерін алып жатты. Осылайша өрбіген қоғамдық қабылдаудан соң облыстық мәслихат депутаты Әшіров Нұржан Сапабекұлымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

Аймақтың қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саласындағы оңды істерге өз үлесін қосатын мәслихат депутаттарының жүгі – ауыр. Бастысы – биліктің өкілетті органына сайлана отырып, халық мүддесін жадынан шығармау. Бұл тұрғыда Нұржан Сапабекұлы өзі сайланған Қазығұрт ауданының негізгі жолдарын жөндеу, жарықтандыру абаттандыру жұмыстарына басымдық бере отырып ауыл шаруашылығы саласынндағы мемлекеттік қолдау, жер жайылым мәселелерін көтеріп әлеуметтік саладағы ауқымды істердің жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосып келеді.

Бұл тұрғыда іскерлік мектебінен өткен Нұржан Сапабекұлының Түркістан облыстық мәслихатындағы белсенді де беделді депутат екендігін айта кеткен жөн. Көргендігі мен көңіліне түйген пайым-пікірлері, білім мен біліктілігі арқылы аудандағы өзекті мәселелердің шешімін табуға еңбек сіңіріп келеді.