«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА НЕСИЕ АЛЫП КӘСІП БАСТАҒАНДАР АЗ ЕМЕС - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА НЕСИЕ АЛЫП КӘСІП БАСТАҒАНДАР АЗ ЕМЕС

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, бірі шағын кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартып келеді. Халықты аграрлық бизнеске тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау мақсатындағы мемлекеттік жоба жоспарға сай орындалуда.

Түркістан өңірінде биыл 160 жоба толықтай қаржыландырылып, 1,1 миллиард теңге игерілді. Өсімдік, балық, құс және мал шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар мен кооперативтерді техникамен қамту, жеңіл өнеркәсіп өндіру сынды жалпы 7 бағыт бойынша жобалар қолдау тапты. Олардың арасында ерекше өнім жасап шығарып, сұранысқа ие болған кәсіпорындар бар.

«Түркістан» ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бағдарламаға 16 аудандағы 64 ауылдық округ қатысқан. Кооперативтерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге басымдық берілді. Осы жылы өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі іске қосылды. Онлайн қабылдау жүйесі — кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдаланып, қолжетімділікті арттыруға септігін тигізуде.

Еске салсақ, 2023 жылы бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінді. 6 бағыт бойынша 3200-ден астам жоба жүзеге асырылды. Өткен жылғы жоспар 103 пайызды құрап, артығымен орындалды. Жоба аясында өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан өңірі елімізде көш басынан көрінді. Сондай-ақ 3413 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, түркістандықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көруде.