ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ:
ЕЛ ҮШІН, ЖЕР ҮШІН БІРГЕ ЕҢБЕК ЕТЕЙІК
Елордамыз Астана қаласында Республика күніне орай, салтанатты шара өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады. Болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындықтардың кездесетініне тоқталып, еліміздің таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайтынын айтты.
Президенттің ауқымды реформаларының нәтижесінде саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Күшті Президенттің бастамасымен халық үніне құлақ асатын мемлекет, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет құрылып, қоғамдық бақылау және талқылау арқылы Әділетті Қазақстан қалыптасып келеді. Конституциялық реформаның іске асырылуы биліктің негізгі институттарының қайта құрылымдап, орнықты жүйе, ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік қалыптасып жатыр. Қоғамдық-саяси өзгерістер халыққа қызмет ету қағидасына негізделген. Елді жасайтын мемлекет басшысына тірек бола білетін халық. Егемендіктің бесігінде емін-еркін өмір сүріп жатқанымыз, берекелі бірліктің жемісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проблеманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді, – деді.
Еліміздің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылуы Қазақстанның экономикалық бағдарына бағытталған ауқымды жұмыстар. Қазір әлемдік нарыққа шығып, сауда-саттықты дамыту үшін трансшекаралық көлік-логистика саласы жолға қойылып жатыр.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар қабылданып, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқанын, оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп, әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылып, Батыс Қазақстанда сонау Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар қолға алынған. Бұйырса, Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылатыны айтылды. Президент ауылшаруашылығындағы оңды өзгерістерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны – 2,6 триллион теңге, – деді.
Еліміздің экономикасын өрге сүйрейтін кәсіпкерлерді ұмытпаған Президент еліміздегі кәсіпкерлік саласының өркендеу жолына түскенін, шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы елдің іскерлік ахуалы мен инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту мақсатында мамыр айында Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын жеткізді. Осы орайда Президент Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – бизнес-қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев
– Отандық кәсіпкерлер елдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Олар мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құйып, қайырымдылық бастамаларды қолдап жүр. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы жасампаз серіктестіктің, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрсеткіші, – деді.
Президент бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтады. Себебі, қоғамдық санада заң мен тәртіп тамыр жаюы тиіс. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізілетінін жеткізген Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ- деп, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтті.
Қайрат Балабиев ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты