Мемлекеттік қолдаудың арқасында Ордабасы ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді.
«Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша өз кәсібін бастамақ болған қайтарымсыз грант жеңіп алғандардың бірі — Жөргенбай Айнұр Әзірбайқызы. Ол өз бизнесін дамыту мақсатында 3 топ мүгедектік санаты бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грантқа өтініш береді. Комиссиядан оң шешімін тауып, қаражатқа массаж жасауға қажетті жаңадан қолданысқа еніп жатқан заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, аудан орталығынан массаж кабинетін ашқан.
Адал еңбегімен кәсібін өрбітіп отырған кәсіпкер 2023 жылдың қазан айынан бастап дертіне дауа, жанына шипа іздеп жүрген тұрғындарға массаждың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы сапалы қызмет көрсетіп, денсаулықтарын жақсартуда.
Айнұр Әзірбайқызы кәсіп бастауға мұрындық болған мемлекет қолдауына ризашылығын білдірді және де алдағы уақытта екі адамды жұмыспен қамтып, кәсібін әрі қарай дамытуға ниетті екенін жеткізді. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың халықты жұмыспен қамтуда септігі орасан.