
«Amanat» партиясы Ордабасы аудандық филиалының бекіткен кестесіне сәйкес аудандық мәслихат депутаты Ғалымжан Қалқаманов азаматтардың талап-тілектері мен арыз өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. «Amanat» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Бердімұрат Әлиасқар Байдуллаұлының қатысуымен өткен қоғамдық қабылдау барысында халық қалаулысы мәселесін айта келген азаматтарға жан-жақты жауап берді. Айта кетсек Ордабасы аудандық мәслихат депутаттығына Шұбарсу ауылдық округінен сайланған Ғалымжан Қалқаманов белсенді де, іскер депутаттың бірі. Өзі сайланған округтегі өзекті мәселелерді шешу жолында табанды еңбек етіп келе жатқан азамат қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес. Осы орайда өздері сайлаған депутатқа мәселесін айта келгендердің сауалдары бұл күні инфрақұрылым жүргізу мәселесі мен Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан 600 орындық мектеп құрылысы төңірегінде өрбіді. Ал тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелелердің шешілу барысына депутат Ғалымжан Қалқаманов кеңінен тоқталып өтті.

Шұбарсу елді мекенінде жаңадан салынып жатқан 600 орындық білім мекемесінің қолданысқа берілуін жергілікті тұрғындар асыға күтуде. Себебі тұрғын саны мол аймақта мектепке деген сұраныс жыл санап артып келеді. Осыған байланысты «Amanat» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Байдуллаұлы мен депутат Ғалымжан Қалқаманов бұл күнгі қоғамдық қабылдаудан соң жаңа мектептің құрылыс барысымен арнайы келіп танысты. Халық қалаулыларымен бірге құрылыс алаңындағы жұмыс барысын партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, партиялық бақылау бекетінің жетекшісі мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері де аралап көрді.

Аталмыш еңселі оқу ордасы ғимаратын салуды «Дос и К» ЖШС жүзеге асыруда.
Конкурстық құны – 2 723,4 млн теңгені құрайтын мектеп құрылысын аяқтау мерзімі 2025 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда нысанның қосымша корпусының құрылысы жүргізілуде. Комиссия мүшелері құрылыс жұмысы толығымен партиялық бақылауда болатындығын айтып, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген құрылысқа партиялық бақылау бекеті орнатылған.



