Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа деңгейі: Сенат инвестицияларды өзара қорғау туралы заңды мақұлдады - Kemel kz
#Жалпы #Саясат

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа деңгейі: Сенат инвестицияларды өзара қорғау туралы заңды мақұлдады

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы халықаралық келісімді ратификациялады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі ел арасындағы инвестицияларды өзара қорғауға бағытталған. Талқылау кезінде атап өтілгендей, Қырғызстанмен стратегиялық әріптестік Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны одан әрі дамыту перспективаларына жол ашады. Сондай-ақ мұндай қадам халықтарымыздың арасындағы байланыстардың өсуіне және нығаюына ықпал етеді.

«Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленген. Құжат бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы, бұл заң бауырлас елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша қолайлы режим жасау тәртібі мен шарттарын айқындайды. Атап айтқанда, бір Тараптың екінші Тараптың аумағындағы инвестицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ, екі мемлекеттің аумақтарындағы инвестициялық қызметке байланысты мәселелер реттеледі. Келісім нормаларына сәйкес кез келген Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режимді, сондай-ақ, екінші Тарап мемлекеті аумағында толық қорғалуды және қауіпсіздікті пайдаланады.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Андрей Лукин елімізде ғарыш саласын дамытуға қатысты бірқатар нақты шара ұсынды. Депутаттың айтуынша, Қазақстан тек жалға беруші ел ретінде қалмай, ғарыш индустриясының белсенді қатысушысы болуы керек.

Алтынбек Нухұлы көмір химиясы саласында жүйелі тәсілдің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Сенатор бұл секторды тиімді дамыту, оның ішінде, инвестициялар тарту үшін ғылыми зерттеулерді жандандыру және озық шетелдік технологияларды енгізу қажет екенін айтты.

Әлібек Нәутиев жүн өңдеу саласын дамыту керектігіне назар аударды. Депутат бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру өңірлік және ұлттық экономиканың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Амангелді Нұғманов тергеуге дейінгі тексеру институтын қалпына келтіруді қолдап, сауал жолдады. Бұған статистикада жеткілікті негіздемесіз қозғалған қылмыстық істердің артуы себеп болып отыр.

Бекболат Орынбеков отын бағасының өсуі мен жабдықтың тозуына байланысты жылу энергетикасы кәсіпорындары тап болған күрделі жағдайға Үкіметтің назарын аударды.

Геннадий Шиповских бұзақылықтың, әсіресе, қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алу және онымен күресу жұмыстарын күшейтуді ұсынды.