Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация Түркия еліне іссапар барысында TURSAB туристік ассоциациясының президенті Фируз Баглыкаямен кездесті.
Кездесуде тараптар туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Зұлпыхар Жолдасов Түркістан облысының туристік әлеуетімен таныстырып, түркиялықтарды Түркістанға саяхаттауға ынталандыру үшін істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Түркістаннан тікелей әуе рейстері ашылды, қонақ үйлер салынуда. Өңірде зиярат туризмі ғана емес, туризмнің басқа бағыттары да қарқынды дамып келеді. Енді түркиялықтардың Түркістанға саяхаттауға деген қызығушылығын арттыруымыз керек, – деді облыстық делегация жетекшісі.
Туристік ассоциация президенті Фируз Баглыкая Түркістанға деген түркиялықтар арасында қызығушылық жоғары екенін айтып, түркиялық туристік компаниялардың бұл бағытта жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар өңір делегациясы TURSAB ұйымына мүше туристік компаниялармен кездесті. Кездесуде «BInrota turizm», «Fly Express turizm», «Seyir Travel», «Dunya Degismeden», «Everest Travel», «Ejder turizm» және басқа да компаниялардың басшыларына Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Зұлпыхар Жолдасов Түркістан облысында туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, жаңа туристік нысандарға тоқталды.
Ыстанбұл қаласына ұйымдастырылған сапардың мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық-мәдени байланыстарға жаңа серпін беру. Оның ішінде, қолайлы жағдай жасау арқылы түркиялық туристерді Түркістанға тартуға ерекше ден қойылып отыр.
Келіссөз нәтижесінде, түркиялық туристік компаниялардан құралған делегация жақында Түркістанда өтетін туристік операторлар форумына келмек.
Айта кетейік, TURSAB туристік ассоциациясы – Түркиядағы туристік компанияларды біріктіретін ең үлкен ұйым. Оған 16 мыңға жуық туристік компания мүше.