Инвесторлардың қатысуымен 263 млрд. теңгеге 13 жоба іске асып, 4 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған. - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

Инвесторлардың қатысуымен 263 млрд. теңгеге 13 жоба іске асып, 4 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.

Мемлекет басшысы жуырда өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында, мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтты және бұл бағыттағы негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екенін ерекше назарға алған болатын. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше басымдық беру ісі «AMANAT» партиясының негізгі қызмет мәні болып белгіленіп, «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары ауыл адамдарының тұрмысын түзеуге, алтын бесік ауылдарымызды берекелі мекенге айналдыруға бағдарланған.

Халқының басым бөлігі – ауыл тұрғындары болып табылатын Түркістан облысының экономикалық құрылымында ауыл шаруашылығы үлкен маңызға ие сала екені белгілі. Партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру, өндірістік қуатын арттыру, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау агроөнеркәсіп кешенін өркендету, суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуын қамту жөніндегі нақтылы көрсеткіштер белгіленген. Осы міндеттердің орындалуы бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

Жиынның жұмысына қатысқан партияның өңірлік филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Мемлекет басшысының Жолдауында елімізде агосекторды дамыту бойынша жаңа міндеттер жүктелгенін айтты, агроөнеркәсіптік кешенді экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде ілгерілетуде республика Үкіметімен арнайы жоспар түзілгенін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығына негізделген өндіріс желілерін ұлғайту, дайын өнімдерді терең өңдейтін жаңа буын кәсіпорындарды құру, осы салаға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту және ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту мәселелері партияның Сайлауалды бағдарламасында қамтылып, ондағы міндеттерді Түркістан облысында іске асырудың Жол картасында көзделгеніне баса мән берді.

Жұмыс жиынының күн тәртібіне қойылған мәселелер жөнінде кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков хабарлама жасап, партия белгілеген индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары басшылық құрамының, «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының атқарылған жұмыстар бойынша есептері тыңдалатынын жеткізді. «Облыстық партия филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің бұған дейін 3 отырысы өтіп, бұл жиындарда облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты 7 ауқымды мәселе қаралған болатын. Жиын қорытындыларымен мемлекеттік органдарға 13 ұсыныс беріліп, олардың орындалуын назарымызда ұстадық. Бүгінгі жиын биылғы жылдағы соңғы отырыс болғандықтан, облыс тұрғындары үшін ең маңызды деген салалар бойынша атқарылған жұмыстардың түйінін тарқатуды ұйғардық», — деді Ғани Ақылбекұлы.

Жиында қаралған бірінші мәселе бойынша Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есебі тыңдалды. Облыс әкімінің қолдауымен өңіріміз инвестиция тарту бойынша еліміздегі алдыңғы қатардағы аймаққа айналғаны айтылды. Биылға арналған жоспар бойынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн. 133,8 млрд. теңге болып бекітілсе, 11 айдың қорытындысымен облыс экономикасына тартылған инвестсалымдар көлемі 1 трлн. 64,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,5 пайызға артқан. Оның ішінде шетелдік инвестицияның көлемі 685,1 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен 263 млрд. теңгеге 13 жоба іске асып, 3600 жұмыс орындары ашылған.

«Инвестиция тарту және сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуда Қытай, Ресей, Австралия, Өзбекстан, Катар, Оңтүстік Корея елдерімен іскерлік байланыстар орнатылып, маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, Түркістанда халықаралық бизнес форум өтіп, оған әлем елдерінен 127 компанияның өкілдері қатысты. Іскерлік алаң пайдасын беріп, 301 млрд. теңгені құрайтын іскерлік ықпалдастықты жолға қоятын 35 меморандумға қол қойылды. Түркістан облысында дрондар шығару, бейнеқұрылғылар өндірісі желісін қою, медициналық мақсаттағы жиһаздар, тұрмыстық химия өнімдерін, құрылыс материалдарын шығару, тамақ өнеркәсібін жолға қою жобалары бойынша жұмыстар басталды», — деді есебінде Нұржігіт Мырзахметов.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өнеркәсіп және өңдеу кәсіпорындары, инвестициялық алаңдар мен шағын өндірістік аймақтардың жұмысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кеңес мүшелері инвестиция тартуда, шет елдермен іскерлік байланыстарды арттыруда облыс әкімінің қолдауымен үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл бағытта салалық басқарма тарапынан да жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесін беріп, аудан, қалаларда жаңа өндіріс орындары көптеп салынып жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Дегенмен, бизнес түрлерін субсидиялау мәселесінде көңіл бөліп, егжей-тегжейлі қарастырылуы керек мәселелер бар екені айтылды. Осы бағытта облыс бюджеті есебінен бөлінген қаржының жұмсалу тиімділігн арттыруда, субсидия беру талаптары мен шарттары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасындағы салауатты бәсекелестікке зияны тимейтіндей етіп белгіленуі қажет екеніне бас мән берілді. Бұл мәселе Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясында қызу талқыға түскені айтылды. Жиынға қатысушылар осы санаттағы мәселелердің басын ашып алуда, Кеңестің келесі отырысына «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының Түркістан облысы бойынша басшысын қатыстырып, есебін тыңдау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, Түркістан облысының еңбеккерлері еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13 пайызын өндіріп отырғанын, шаруаларымыз жылына 1 трлн. теңгеден астам өнім беретінін жеткізді. Ауылшаруашылығы саласындағы негізгі капиталға соңғы 5 жылда 500 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Облыстық ауыл шаруашылығы әлеуеті шикізат секторынан дайын өнім секторына өтуге үлкен мүмкіндіктерге ие екенін айта отырып, республика бойынша өндірілген мақтаның – 100, жүзімнің – 75, бақшаның – 60, жеміс-жидектің – 35, көкөністің – 24, жүгерінің – 26, еттің – 12, сүттің – 13 пайызы Түркістан облысының еншісінде екенін айтты.

«Жоспарымызда алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,5 есеге арттыру көзделген. Бұл жұмыстарды 6 бағыт бойынша атқаруды көздеп отырмыз. Олар – ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, мақта шаруашылығын дамыту, мақта-тоқыма кластерін құру, жылыжай шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларына кешенді өту, мал шаруашылығында ет кластерін құру, қайта өңдеу саласын дамыту», — деді Ермұхаммед Құралбеков.

Кеңес мүшелері тарапынан ауыл шаруашылығы саласы бойынша жан басына шаққандағы табыс көлемін арттыру, саланың стратегиялық даму жоспарын қабылдау, мақта шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешу, облыстың оңтүстік аудандарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын құру мәселесін қарастыру, егістіктерді әртараптандыруда ғылыми дәлелденген ұстанымдарға сүйену мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Досхан Лесовтың хабарламасы тыңдалды. Мекеме басшысы облысымыздағы 42 су қоймасының, жалпы ұзындығы 12,7 мың шақырым болатын 4180 каналдардың, жалпы ұзындығы 5,7 мың шақырымнан асатын 1256 қашыртқылардың, 1794 су ұңғымаларының қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді. Коммуналдық меншіктегі 22 су қоймаларын пайдалану ахуалы және босатылған судың көлемі туралы толық ақпарт ұсынды.

«Биылғы жылы 9 каналдың жалпы 58 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, 15 мыңнан астам гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Сондай-ақ 6 коллекторлық дренаждар бойынша 1,1 мың шақырымнан астам арналары механикалық тазалаудан өтіп, 27 мыңға жуық гектардың мелиоративтік ахуалының сапасы артты», — деді мекеме басшысы Досхан Лесов.

Кеңес мүшелері коммуналдық мекеменің атқарған жұмыстарын саралай отырып, стратегиялық нысандар болып табылатын су қоймаларының қорғалуы, каналдар мен қашыртқыларды күтіп-ұстау мәселелері, Боралдай су қоймасының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын талдады. Жиын қорытындысымен, оған қатысушылар шешім жобасын қарастырып, қорытынды құжатқа енетін ұсыныстарды белгіледі.