Түркістан облысындағы бизнес ахуалды талқылау мақсатында облыс орталығында өңір кәсіпкерлерімен ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен қаржы институттарының басшылары қатысты. «Ашық әңгіме» барысында әрбір қатысушы өзін алаңдатқан сауалына жауап алып, бизнес-диалог орнатты.
Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар дамыған Түркістан өңірінде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Онда тау-кен-металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіру, текстиль кластері, ПВХ құбырларын өндіру, полимер бұйымдарын өндіру, алюминий профилдерін шығару зауыттары салынуда. Аудандарда 14 индустриалды аймақ құрылды. Сондай-ақ шағын өндірістік паркте кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Паркте 150-ден аса өндірістік алаңдар құрылады. Облыс әкімі осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Түркістан өңірінде бизнес ашуға шақырды.
- Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Орташа есеппен елімізге 12 трлн. теңгеге 3 мыңға жуық тауарлар импорттан кірген. Бұлардың ішінде киім, жиһаз, кеңсе заттары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдарын өзімізде жасауға болады. Ол үшін инфрақұрылым алаңдары, дайын ғимараттар, қаржылай қолдаулар жеткілікті. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы біз, өңірдің экономикасын ілгері жылжытамыз. Оған қоса, өңірге шетелдік инвесторлар көптеп келуде. Осы ретте олармен бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндіктер бар. Кәсіпкерлікпен айналысып, бизнесті кеңейтемін деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдауға дайынбыз,- деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Кәсіпкерлерге несиелерді қолжетімді ету үшін банктердегі несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға биыл бюджеттен 16,2 млрд. теңге бөлінді. Өңір кәсіпкерлері осы қаржы институттары арқылы 91,5 млрд. теңгеге несие алды. Өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 263 млрд. теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 600 жұмыс орындары ашылды. Алдағы уақытта облыс экономикасына тың серпін беретін 2,5 трлн. теңгеге 145 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады.