Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау басты міндет! - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау басты міндет!

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен алқа отырысы өтті, онда 2024 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланды.
Алқа отырысына вице-министрлер, аппарат басшысы, комитет төрағалары, департамент директорлары, әкімдердің орынбасарлары, Еңбекминінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, еңбек мобильділігі орталықтарының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау және одан әрі іске асыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсету және атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) жүйесін трансформациялау мәселелері тұрды.
Өз сөзінде вице-министр Асқарбек Ертаев 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау енгізілетінін айтты. Осы қызметтерге тарифтерді қалыптастыру әдістемесінің жобасы әзірленді.
Сондай-ақ, 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленді, ол Үкімет аппаратының қарауында.
«Тұжырымдама жобасының тұжырымдамалық жаңалығы мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік-әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу бойынша жағдайлар жасау болып табылады. Инклюзивті саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін жағдай жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді. Тұжырымдама жобасы 13 бағытты көздейді және 56 іс-шарадан тұрады», – деп атап өтті Ертаев.
Вице-министр Асқар Биахметов өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 804 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде 260 мыңы – Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында жұмысқа орналастырылғанын хабарлады. Ол министрлік зейнетақы жарналары мен электрондық еңбек шарттары бойынша деректерді талдай отырып, ақпараттық жүйелер арқылы апта сайынғы жұмысқа орналасу мониторингін жүргізетінін атап өтті.
Бұдан басқа Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде жұмыскерлер құқықтарын қорғау, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жұмыс берушілерді мамандарды оқытуға тарту, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.
Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жөніндегі жоспарлар туралы вице-министр Олжас Анафин айтып берді.
«Мемлекет басшысы азаматтардың шығыстарын ескере отырып, АӘК көрсету тәсілдерін қайта қарау міндетін қойды. Осыған байланысты Отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен интеграциялау арқылы АӘК-ті трансформациялау үдерісі жүретін болады. АӘК тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Олжас Анафин.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а. Мұрат Мұратбеков 10 айда 4,5 мыңнан астам тексеру жүргізілгенін, 7 мыңнан астам бұзушылық анықталғанын баяндады. Жұмыс берушілерге 2 723 ұйғарым беріліп, 339 млн теңге сомасына 3 207 әкімшілік айыппұл салынды. Республикамыздың 268 кәсіпорны 4,3 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешек екені анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3,2 млрд теңге төленді, 16,6 мың қызметкердің құқықтары қорғалды.
Отырысты қорытындылай келе қатысушылар жыл соңына дейін шешілуі тиіс басты міндеттерді, сондай-ақ 2025 жылға жоспарланған негізгі іс-шараларды талқылады. Әлеуметтік қолдау, қызметтерді цифрландыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін арттыруда басымдықтар берілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қойылған міндеттерді сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтіп, оларды іске асырудың ашық мониторингін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Ол сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қорғауды нығайтуға, еңбек құқықтарын бақылауды күшейтуге және халықтың осал топтарын қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.