Ордабасы ауданының Қажымұхан ауылының іргесіндегі «Найман» каналының жиегінде жұмыс істей бастаған «ЭКО ФУД» ЖШС жұмыс-жайымен танысқан аудан әкімі Азат Оралбаев өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келе жатқанын айтты.
Жалпы аумағы 3,26 га, оның ішінде 0,8 га жерге тоған қазылып, 15 мың бекіре шабағы жіберілген. Жоба құны 250 млн теңге. Жылына 1,4 млн сазан, 100 мың бекіре шабақтарын өсіріп отырған жергілікті кәсіпкер Игорь Шаков осы кәсіпке мықтап ден қойған. Келесі жылдан бастап өз өнімін нарыққа шығаратын ол жергілікті алты азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ал аудан әкімі Азат Оралбаев соңғы уақытта Ордабасы ауданында балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.
Жақын күндері кәсіпкер су астын оттегімен қамтамасыз ететін арнайы аэроаторлар орнатсақ дейді.
«Өйткені, қыс мезгілінде су бетіне мұз қатып, судың құрамындағы оттегі төмендеуі мүмкін. Оның үстіне ауа темпаретурасы +10 градустан төмен түскен жағдайда балық ұйқыға кетіп, қозғалысы баяулайды. Ол кезде оның өсу процесі де қарқынды болмайды», – дейді Игорь Шаков.
Бүгінде кәсіпкер бассейін аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тікелей телефоннан бақылау жүргізетін бейнебақылау камераларын орнатқан. Озық технологияны оңай меңгеруді мақсат еткен кәсіпкер келешекте балық бассейінін кеңейтумен қатар, уылдырық алу мен шабақ күйіне дейін өсіруді де қолға алуды көздеп отыр.