Еңбегіне қарай – өнбегі - Kemel kz
#Әлеумет

Еңбегіне қарай – өнбегі

Ауыл шаруашылығы экономиканың басты қозғаушы күші ретінде бәсекеге қабілетті озық салаға айналуы тиіс. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бизнес те, мемлекетте мүдде танытса, ауылдағы ағайынның тұрмысы да түзеледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сала қызметкерлерінің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды.

БІРІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу. Алдағы уақытта жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырды, Президент. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегеуге шақырды.

Жыл сайын көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландырудың кешіктірілук салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткеріп келелі. Енді Президент тапсырмасына сәйкес көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады. Сондай-ақ, Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн деді, Президент.

ЕКІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет.

Былтырғы Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру жүктелген. Азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асыра бастады. Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайтынын атап өтті, Президент.

ҮШІНШІ. Ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету аса маңызды.

Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі. Президент картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейтінін айтты. Осындай мәселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни, элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Мен жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырды, Президент.

ТӨРТІНШІ. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.

Отандық агросекторда минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Десе де биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілген. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан импортқа тәуелді болуды азайту керек. Өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңызды. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, қойдың жүнін суармалы жерге тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалануға болатынын айтты, мемлекет басшысы.

БЕСІНШІ. Ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігі маңызды.

Мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойдым. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталды.

Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жатыр. Биыл шамамен 160 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек,- деді, Президент.

АЛТЫНШЫ. Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қажет.

Мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді.
Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс. Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн,- деді, Президент.

Форумда Жолдауда айтылған мәселелерді мемлекет басшысы қайтадан еске салды. Көп тапсырманың уақытылы орындалмауы ауылшаруашылығының ғана емес, экономиканың құлдырауына әкеп соғады. Егер сала Президент айтқандай дамып жатса, шаруалардан қарша бораған шағымдар да дамыл табатын еді. Президент Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске ауыл тұрғындарына қол ұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар мемлекеттің көмегіне жүгіне алатынын айтты. Олардың инвестициялық жобаларына қолдау көрсетіп, бюрократиялық кедергі келтірмеуді тапсырды. Билік шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет. Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарамауға шақырды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумын жыл сайын өткізу ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Қуатты аймақтар – қуатты ел» деген сөз. Біз осы қағидаға сай жұмыс істеуіміз керек. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Осы орайда мен баршаңызға үндеу тастағым келеді.

Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие мамандарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды.

Жалпы, мемлекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкерлерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қалдырмайды.

Жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады. Сіздер ынтымақ-бірлік пен нағыз патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарта бересіздер деп сенемін. Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, лайықты бағалайды. Мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бүгінгі Форумды жыл сайын өткізуді ұсынамын»,- деді.

Қайрат Балабиев ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты