Электрондық еңбек биржасында маусымдық мамандықтарға сұраныс артты - Kemel kz
#Әлеумет #Жалпы

Электрондық еңбек биржасында маусымдық мамандықтарға сұраныс артты

Қазан айында Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі-ЭЕБ) 123,7 мың бос жұмыс орны және 106 мың түйіндеме орналастырылды. Алдыңғы аймен салыстырғанда іздеу және жалдау белсенділігі төмендеді: бос жұмыс орындарының саны 9%-ға (13 мың), ал түйіндеме 13%-ға (16,5 мың) азайды. Белсенділіктің төмендеуі білім беру саласындағы сұраныс пен ұсыныстың төмендеуімен түсіндіріледі, оқу орындарында кадрларды даярлаудың аяқталуына байланысты болуы мүмкін.
Алайда, қыркүйек айындағы сияқты, жылыту маусымына көшу кезеңі жылу және қазандық жабдықтарына қызмет көрсету мен оларды пайдалануға қаьысты қызметкерлерге сұраныстың артуына себеп болды.
Мәселен, өткен айда қазандық операторлары (+5,9 мың), қазандық машинистері (+1,1 мың) және қазандықтар жұмыскері (+969) үшін бос орындар саны артты. Мұндай мамандарға жоғары сұраныс Батыс Қазақстан (2,9 мың бос жұмыс орны), Ақтөбе (1,3 мың) және Жамбыл (974) облыстарында байқалды.
Сұраныстың айтарлықтай өсуі мал өсірушілер мен жануарларды күту жұмыскерлері сияқты мамандықтарға да тіркелді, бұл әсіресе, мал шаруашылығындағы қысқы кезеңге дайындық кезеңінде маңызды.
Өңірлер бөлінісінде ең белсенді білікті кадрларды Қарағанды облысынан (9,5 мың бос жұмыс орны немесе жалпы санының 8%), сондай-ақ Алматы қаласынан (9,3 мың немесе 7,5%), Батыс Қазақстан облысынан (9,2 мың немесе 7,5%) және Астана қаласынан (8,1 мың немесе 7%) жұмыс берушілер іздеді.
Бұл ретте қазан айында бос жұмыс орындарының жалпы саны келесі өңірлерде азайды: Алматы (-44%, немесе -3,9 мың), Жетісу (-37%, немесе -1,6 мың) және Астана қаласында (-34%, немесе -4,1 мың).
Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі кейбір аумақтарда өзекті мәселе болып қала береді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 5,5 мың бос орынға 2,5 мың түйіндеме, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 мың бос орынға 2 мың түйіндеме, ал Павлодар облысында 6,5 мың бос орынға 3,4 мың түйіндеме тіркелді.
Шымкент қаласында, Қызылорда және Түркістан облыстарында бос орындар санынан тиісінше 54%, 48% және 47%-ға түйіндеменің артық болуы байқалуда.
Қазан айында жоғары жалақы бас құрылысшыларға (орта есеппен 679 мың теңге), бас техникалық мамандарға (шамамен 565 мың теңге) және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженерлерге (шамамен 554 мың теңге) ұсынылды.
Бұл ретте инвестициялық жобалар жөніндегі директор (орта есеппен 2 млн теңгеден бастап), өндірісті басқарудың автоматтандырылған жүйесі бөлімінің бастығы (шамамен 1,8 млн теңге) және комбайнер (1,2 млн теңге) лауазымына үміткер ізденушілер ең жоғары жалақыны сұрады.
Жалпы, қазан айында ЭЕБ белсенділік төмендеді, бұл әсіресе, білім беру саласында байқалып отыр. Сонымен қатар қысқы маусымның басталуы жылу өндірісі жүйесінің жұмысшыларына сұраныстың артуына себеп болды.