Қазіргі таңда еліміз бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін көбіне әйелдер жетекшілік етіп отырғандығы белгілі. Біршамасы мемлекет қолдауының арқасында кәсіптерін дөңгелетуде.
Осындай жанның бірі Ордабасы ауданының тұрғыны, көп балалы кәсіпкер — Сағынаева Нұргүл Бердібекқызы. Ол «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 2024 жылдың 1 легінде қайтарымсыз грантқа қатысып, комиссиядан оң шешімін тауып, кәсібін өрбітуде.
Кешегі инженер – бүгінгі тігінші кәсіпкер ана, грант қаражатына керекті құрал-жабдықтарын алып, аудан орталығынан «OIMAQ» тігін шеберханасын ашқан. Заманауи үлгідегі перде, ұлттық нақыштағы сөмкелер тігіп қана қоймай, той-томалаққа арналған көздің жауын алатын кәрзеңке, қолөнер бұйымдарын және лазермен оюланған түрлі тойбастар жасап, тұрғындардың кеөңілінен шығуда. 2 адамды жұмыспен қамтып, 1 шәкіртке қолөнер шеберлігін үйретуде.
Пандемия кезіндегі қиындықтан шығудың жолын іздеген Нұргүл өзінің қайсарлығымен «көз қорқақ, қол батыр» қағидасын ұстанып, тігіншілікке алғашқы қадамды бір ғана жұмсақ доп тігумен бастаған. Өз ісімен айналысқысы келетіндерге мемлекеттен үлкен мүмкіндік бар екендігін айта келе, кейіпкеріміз жерлестеріне кәсіпкерлікпен айналысуға қорықпай, бар ерік-жігерін жұмсаған кезде ғана жетістіктің кілті еңбекте екенін жеткізді.