Рұқсат етілмеген діни мазмұндағы әдебиеттер мен ақпараттарды қалай ажыратуға болады? - Kemel kz
#Білім #Жалпы #Саясат

Рұқсат етілмеген діни мазмұндағы әдебиеттер мен ақпараттарды қалай ажыратуға болады?

Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға белгіленген талаптарды бұзса – қызметтiн үш ай мерзімге тоқтата тұрып, заңды тұлғаларға екі жүз, жеке тұлғаларға – елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Рұқсат етілген діни мазмұндағы әдебиеттердің бірінші бетінде арнайы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы арқылы мақұлданды – деген жазу арқылы білуге болады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтына кірген адам онда экстремистік, террористік деп танылған және Қазақстан Республикасы аумағына әкелуге, басып шығаруға, таратуға тыйым салынған әдебиеттер мен ақпараттық материалдар тізімі барын көре алады. (Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есептер комитеті http://pravstat. prokuror.gov.kz).  Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің (http:// www.din.gov.kz/) ресми сайтында экстремистік бағыттағы әдебиеттер тізімі де берілген.

Рұқсат етілмеген әдебиеттер мен ақпараттар деструктивті діни ағымдардың идеологиясын уағыздайтындықтан арнайы дінтанулық сараптамадан өтпей қалған немесе сараптамаға мүлде берілмей, халық арасына таратылған. Бұл кітаптар ашық түрде Қазақстан Республикасының зайырлы сипатын, қоғамда ғасырлар бойы орныққан құндылықтарды мойындамайды және агрессивті түрде жиһадқа шақырады. Сондықтан олардың таралуына біздің елде тыйым салынған.

Кез келген діни мазмұндағы ақпарат аларда алдымен діни мазмұндағы материалдың қандай діни бірлестіктен шыққандығына мән беру маңызды. 2011 жылы 11 қазанда шыққан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабының 6 тармақшасында «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» делінген. Яғни, ҚР кез келген азаматының діни сенім құқығы заңмен қорғалған.

Алайда осы заңымыздың өзге де баптарында бұл құқықты жүзеге асыру тәртіптері нақтыланған.

Мәселен, осы заңның «Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар» мәселесіне арналған 9-бабының 4-тармақшасында «Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда діни бірлестіктің толық атауы болуға тиiс» делінген. Демек, діни мазмұндағы ақпараттарды алуда назар аударуды қажет ететін мәселе – ол діни бірлестік атауының сол материалда көрсетілуі керек.

Түркістан облысы дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімі