2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы: Шымкент аграрлық-техникалық колледжі жаңа дәуірге қадам басуда - Kemel kz
#Жалпы

2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы: Шымкент аграрлық-техникалық колледжі жаңа дәуірге қадам басуда

2025 жылдың “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялануы – елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғандығының айқын дәлелі. Мемлекет басшысы бұл бастаманың маңызын атап өтіп, жұмысшы мамандықтарды дамыту – ел болашағы үшін аса жауапты іс екенін жеткізді.

Осы орайда кәсіби маман даярлауда айтарлықтай үлес қосып келе жатқан оқу орындарының бірі – Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқан Шымкент аграрлық-техникалық колледжі. Аталмыш білім ордасы бүгінде жаңа талаптарға толықтай сай келетін, жаңғыру жолына түскен заманауи оқу орнына айналып отыр.

Қазіргі таңда колледжде 1600-ден астам студент білім алуда. Соңғы жылдары колледжде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база түбегейлі жаңартылды. Оқу корпустары толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, қазіргі заман талабына сай жабдықталған оқу кабинеттері, зертханалар мен өндірістік шеберханалар пайдалануға берілді.

Бұл жетістіктер – колледж директоры Елекеев Марс Атымтайұлының  іскерлігі мен табанды еңбегінің нәтижесі. Ол оқу ордасының дамуына үлкен жауапкершілікпен қарап, жастардың сапалы білім мен нақты кәсіп иесі болып шығулары үшін барынша жағдай жасап келеді.

Колледжде студенттердің қауіпсіздігі – басты назарда. Бұл бағытта жуырда оқу орнының кіреберісіне арнайы бақылау-өткізу бекеті орнатылса жалпы аумағы 6 гектардан асатын мекеме ғимараттары толығымен бейнебақылау жүйесіне қосылған.  

Сонымен қатар, шалғай ауылдардан келетін студенттерге арналған жатақхана мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Ол үшін колледж директорының бастамасымен  95 орынға шақталған жатақхана әзірленіп  жабдықталуда. Барлық тиісті қажеттіліктермен қамтылып жатқан бұл орын алдағы  жаңа оқу жылында студенттер үшін есігін айқара ашпақ.

Шымкент аграрлық-техникалық колледжі бүгінде 10 мамандық және 13 біліктілік бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келеді.  Ең бастысы студенттердің кәсіби даярлығы үшін мұнда барлық қажетті материалдық база жасақталған. Яғни тарихы терең колледж кәсіби білімге ұмтылған жастар үшін нағыз мүмкіндік алаңына айналған.

Соңғы жылдары колледжде жүрген жаңғырту жұмыстарына сәйкес  оқу орнының спорт залы да жаңарып, қазіргі таңда қаламыздағы заманауи әрі жайлы спорттық нысандардың біріне айналды десек, артық айтқандық емес. Сонымен қатар колледж ауласы мен қасбеттері де толықтай жаңартылып, жаңаша кейіпке енген. Ал ғимараттар айналасы гүлдермен және сәндік ағаштармен толықса, оқу орны бүгінде Шымкент қаласындағы заманауи колледждің біріне айналып отыр.  

Президент атап өткендей 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы. Бұл бастама аясында жаңғыртудан өткен колледж бүгінде мүлде жаңа кейіпке енді. Заманауи үлгіде жабдықталған оқу орны кез келген жастың сапалы білім алуына толық мүмкіндік береді.

Ендігі басты міндет – білім ордасынан еңбек нарығында сұранысқа ие нағыз кәсіби маман иелерін даярлап шығу болып табылады.

Ұлдархан Уәлиханқызы